Қазақстанда стационарлық ӨЖЖ аппараттарына сұраныс жыл соңына дейін қанағаттандырылады деп күтілуде. Қажетті қондырғылар елімізде жасалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қажеттілік 3000 бірлікті құрайды. Елордалық «Барк Текнолоджи» ЖШС және «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС кәсіпорындары айына 550 бірліктен жасайтын болады. Қосымша қажеттілік туындаған жағдайда Орал мен Шымкент қалаларындағы компаниялар тартылады.

«Қазіргі уақытта Қытай мен Түркиядан сынақ үшін аппараттар жеткізілді. Біріншісі Денсаулық сақтау министрлігіне берілді, екіншісі бүгін беріледі. Сынақтар сәтті аяқталған жағдайда кәсіпорындар оларды өндіруге дереу кіріседі. Технологиялар мен жинақтауыштарды беру мәселесі бойынша шетелдік серіктестермен тиісті келісімдер бар», - деді вице-министр.

Шілде айының соңына дейін «Тыныс» АҚ Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге ӨЖЖ 270 мобильдік аппаратын жеткізеді. Кәсіпорын қуаттылығы айына 500-ге дейін ӨЖЖ аппаратын шығаруға жетеді. Аймақтардағы қажеттіліктер нақтыланған соң, өнеркәсіптік өндіріс жолға қойылады. Жиынтықтауыштарды сатып алып, қосымша жұмыс бригадалары құрылады.

Бұдан басқа, автоөндірушілермен бірлесіп жедел жәрдем машиналарын мобильді аппараттармен жабдықтау бойынша жұмыстары қолға алынды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, осылайша, қазақстандық кәсіпорындар қосымша қажеттіліктерді ескере отырып, жыл соңына дейін 4930 стационарлық және 2695 ӨЖЖ ұтқыр аппаратын шығара алады.