65 мың жамбылдық ПЦР-тестілеуден өтті

Брифинг барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, Жамбыл облысы бойынша 486 фармацевтикалық нысан жұмыс істейді. Арнайы мониторинг тобы құрылып, оның құрамына тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаментінің, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері енген. Аталған топ Тараз қаласының дәріханаларында COVID-19 симптомдық ауруының емдеуге арналған препараттардың бар-жоғына және бағасына күнделікті мониторинг жүргізеді. Бұл тізімге дене қызуын түсіретін, вирусқа қарсы, бактерияға қарсы, витаминдер және т.б. препараттар кіреді.

Бүгінде өңірде ПТР тестілеу 6 зертханада жүргізіледі. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап 65 мыңға жуық тұрғын ПТР-тесттен өткен. Бердібек Сапарбаев Таразда коронавирустың жеңіл түрімен және респираторлық аурулармен ауыратын науқастарды үйде емдеу бойынша дәрігерлердің онлайн-консультациясының іске қосылғанын айтты. Кеңес алу үшін 109 нөміріне қоңырау шалу қажет. Сондай-ақ, тұрғындар онда дәрі-дәрмек бағасының негізсіз қымбаттауына қатысты шағымдана алады.