ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Абылай хан монументінің бой көтеруі туралы баспасөз мәслихаты өтті.
Баспасөз мәслихатына қоғам қайраткері А.ШОРАЕВ қатысты.
Тарихта аты алтын әріптермен жазылған Абылай ханның ерлігі мен ел басқару ерекшелігін кеңінен насихаттау, халықтың рухын көтеру, ұлы тұлғаның келбетін жас ұрпақтың санасына сіңіру қазіргі қоғамның міндеті. Осы ретте 2019 жылдың аяғында Арман Төлегенұлы Абылай хан монументін салу бастамасын көтерген болатын. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев өз кезегінде бұл бастаманы құп көріп, қолдау білдірді. Кешенді мемлекеттік бюджеттің қаржысына емес, қарапайым халықтың қолдауымен салу көзделіп отыр.Абылай хан монументі Ақмола облысы, Бурабай курортты аймағындағы Кенесары ауылында салынатын болып келісілді.
Кешен "Абылай Хан" монументі деп аталады, биіктігі 54 метр. Абылай ханның тақта отырған келбеті суреттеледі. Ханның асатяғына жедел саты орнатылады, келушілер сол арқылы 20 қабаттық биіктікке көтеріліп айналаны тамашалай алады.
Сондай - ақ, кешен құрамында қазақ халқының хандық дәуірін суреттейтін мұражай, кітапхана, демалушыларға қажетті әлеуметтік нысандар ұйымдастырылатын болады. Бұл халықтық жоба, сол үшін де бастамашы топ жалпы халықты осы жобаға үлес қосуға шақырады.
Баспасөз мәслихатында аталған жобаны іске асыратын сәулетші, дизайнер, суретші, инженер, құрылысшы мамандар арасында халықаралық ашық конкурс жарияланды. Яғни, Абылай хан кешенінің сызбалық нұсқасын жасауға әлемнің кезкелген елінен үміткерлер қатыса алады.
Конкурс 1 наурыз бен 15 сәуір аралығында өтеді. Ағымдағы жылдың 7 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи мұражайында комиссия құрамы конкурсқа келіп түскен үздік 5 жобаны анықтайды. Ұйымдастырушылардың қаржыландыруымен іріктелген 5 жобаның сызбалық нұсқасы жасалады. Үздік 5 макеттің арасынан сәулеті мен тиімділігі жоғары саналған автордың жұмысы комиссия құрамымен мақұлданады. Ұйымдастырушылар Хан Абылайдың монументі арқылы Қазақстанның тарихында қалуға ниетті сала мамандарын конкурсқа белсенді қатысуға шақырды.