Еліміздің ауыл шаруашылығындағы Алматы облысының үлесі бүгінде 17% - ды құрайды. Өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамыту мақсатында төрт негізгі стратегиялық міндет айқындалды: ет, сүт өндірісін ұлғайту, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу және ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен Президент Жолдауын түсіндіру жөніндегі брифинг барысында мәлімдеді.

Амандық Баталовтың айтуынша, өңірдегі ірі қара мал басы 1,3 млн бастан, қой мен ешкі – 4,2 млн бастан асады. Сүтті мал шаруашылығын дамыту үшін 26 мың басқа арналған 82 сүтті-тауарлы ферма құрылды. Әзірге ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 4%-ға өсіп, 66%-ды құрады, сүт зауыттары 73,4% - ға жүктелді.

«Сондықтан 2025 жылға дейін ет өндірісін 500 мың тоннаға дейін, сүт өндірісін 900 мың тоннаға дейін жеткізуді, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша 25 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Амандық Баталов.

Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған тапсырмасы аясында айналымға 138 мың гектар суармалы жер тарту жоспарланған. Өткен жылы 20 мың гектар жер қалпына келтірілді, биыл тағы 20 мың гектарды тартылады.

«Осының барлығы өндіріс көлемін ұлғайтуға және АӨК экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал ететін болады. Қазір көрсеткіштер жаман емес. Есепті кезеңде АӨК өнімдері экспортының көлемі 1,3 есе өсіп, 93 млн АҚШ долларын құрады. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 900 млрд теңгеден асып, 2,2%-ға өседі, Еңбек өнімділігі 2,5 млн теңгеге жетеді», - деп мәлімдеді Алматы облысының әкімі.