Алматы облысында тұрғын үй құрылысы жақсы қарқынмен жүріп жатыр. 9 айда 712,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 7,6% құрады. Ал жылдық жоспар – 938,8 мың шаршы метр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Президент Жолдауының өңірде орындалу барысы туралы брифингте Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мәлімдеді.

Атап айтқанда, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылымдардың құрылысына 38,3 млрд теңге бөлінді. Жалпы облыста барлығы 2843 пәтерлік 566 тұрғын үй салынуда, оның 1020-сы көп балалы отбасыларына беріледі. 1533 отбасы «7-20-25», «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ 5-10-20» жеңілдетілген бағдарламалары бойынша пәтер алады.

«Облыс орталығы Талдықорғанда 670 коттедж қалашығының құрылысы жүріп жатыр. Биылғы жылы тағы 345-ін береміз. Мектеп, балабақша, балалар алаңдары салынады», - деді А.Баталов.