Қазіргі індеттің таралу жағдайында ауруы асқынған пациенттер санының өсуіне байланысты Алматы облысындағы инфекциялық стационарда төсек саны 3 есеге, яғни 17 стационарлық мекемеде 150-ден 500-ге дейін арттырылды. Пневмониямен ауыратын науқастарды емдеу үшін 31 стационарда төсек саны мыңнан үш мыңға дейін көбейтілді. Бұл туралы бүгін онлайн режимде брифинг өткізген облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәселен, Талдықорған қаласында 300 төсек инфекциялық стационар облыстық аурухана базасына көшірілді. Тері-венерологиялық диспансер базасында 85 провизорлы төсек орын ашылды. Сонымен қатар, бүгіннен бастап облыстық фтизио-пульмонология орталығында 120 төсектік провизорға науқастарды қабылдау басталды. Талдықорған қаласы бойынша барлығы 532 провизорлы төсек бар.

Қазіргі уақытта жұқпалы аурулар ауруханасының жүктемесі - 56%, провизор - 86%.

Жалпы стационарда ем алып жатқан адамдардың басым көпшілігі 50 жастан асқан егде азаматтар, оның 90 пайызы қан қысымы, жүрек тамыр, қант диабеті, обыр ауруларымен ауырғандар. Сондықтан Б.Байжұманов жасы үлкендерді, созылмалы аурулары бар науқастарды денсаулықтарына аса жауапты болуға, санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырды. Сонымен бірге, дәрігерлердің ескертулерін тыңдап, карантиндік шектеулерді сақтап отырған адамдарға алғыс білдірді.