Бүгінде Қарағанды облысының агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы сомасы 33,3 млрд теңгелік 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. 1 567 жұмыс орны құрылды. Мал шаруашылығы да тұрақты дамып келеді. Мал басы мен өнім өндірісі артып келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде өңір басшысы Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

«Биыл жақсы өнім жинадық, миллион тоннадан астам астық бастырдық, оның үштен екісі жоғары сапалы бидай. Бұл 2019 жылғы деңгейден 22,6%-ға артық. Ауыл шаруашылық тауар өндірушілері 270 мың тоннаға жуық картоп пен 53 мың тонна көкөніс жинады. Өңірдегі барлық 126 көкөніс сақтау қоймасы толтырылған», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ резервтік және тұрақтандыру қорлары құрылды: астық - 36,3 мың тонна, картоп - 4 051 тонна және көкөніс – 660 тонна.

Өңір басшысының айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенде қабылданып жатқан шаралар бағаның өзгеруіне жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Жалпы, бүгінгі таңда облыста азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ.