Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің 32 азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуіне аптасына екі рет мониторинг жүргізеді. Бұл мониторинг тұрақтандыру қорларындағы, ірі сауда желілеріндегі, жеткізушілердің және қайта өңдеу кәсіпорындарының қоймаларындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын қамтиды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков мәлімдеді.

АШМ вице-министрінің ақпараты бойынша, тез бұзылатын азық-түлік қоры бір аптаға, ал ұзақ сақталатын өнімдердің мерзімі – бірнеше айға жетеді. Оның айтуынша, азық-түлік өндірісі артып келеді, қорлар үнемі жаңартылып, толықтырылуда, сондықтан олар бойынша тапшылық жоқ және болмайды.

Анықтама үшін: ағымдағы жылдың 24 шілдесіндегі жағдай бойынша, елімізде 708,5 мың тонна азық-түлік тауарларының қорлары бар, оның ішінде өңірлердің тұрақтандыру қорларында - 33,1 мың тонна, өндіруші кәсіпорындарда – 209,5 мың тонна, қоймаларда – 154,6 мың тонна, сауда желілерінде – 311,4 мың тонна. Бұдан басқа, 404 млн дана жұмыртқа және 2,1 млн тонна азық-түліктік бидай бар. 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі ақшалай мәнде 904,1 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,4% артық.

Вице-министрдің сөзінше, қайта өңделген күріш өндіру – 81,2%, қайта өңделген және консервіленген көкөністер – 49,3%, шұжық өнімдері - 24,2%, ет және ет-өсімдік консервілері - 11,2%, сары май - 11,4%, жарма - 10,6%, тазартылған және тазартылмаған өсімдік майы - 9,5% өсті.