iKomek орталығына қала аумағында орналасқан 6000-нан астам бейнебақылау камерасы қосылды, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.
«Камералар негізінен сауда - ойын-сауық орындары, мешіттер, ірі аялдамалар, вокзалдар сияқты адамдар көп жиналатын орындарын қамтиды, Орталық операторлары мектеп аумақтарын, аулаларды, үйлердің кіреберістерін және т.б. бақылауды жүзеге асырады. Орталық камералар санын 30 000-ға дейін ұлғайтуды және бірыңғай қалалық бейнебақылау жүйесін құруды жоспарлап отыр», - деді қауіпсіздік және шұғыл мәселелер жөніндегі басшының орынбасары Асылбек Бұрбаев.
Сондай-ақ, өтініштерді беруге арналған мобильді қосымшаны іске қосу және өтініштердің барлық деректерін және статистиканы ашық қолжетімді ету жоспарланып отыр.
"Бізде ішкі істер органдарының қызметкерлері де отырады. Солармен бірігіп біздің қызметкерлер көбінесе әкімшілік құқықбұзушылықтар анықтайды. Мысалы, қоғамдық жерлерде темекі шегу немесе ішімдіктер ішу. Осындай құқықбұзушыларды бізде отыратын ішкі істер қызметкерлері жазаға тартады", - деп атап өтті А. Бұрбаев.
Айта кетсек, «IKomek бірыңғай байланыс орталығы 2018 жылдың қаңтар айында құрылып, барлық коммуналдық қызметтердің және қалалық басқармалардың, атап айтқанда, 4 аудандық әкімдіктің, 17 қалалық әкімдік басқармаларының, 33 коммуналдық және апаттық қызметтерінің, 81 лифт шаруашылықтарының және 606 ПИК-тің колл-орталықтарын 1-0-9 қысқа нөміріне біріктірді. Астаналықтар байланыс орталығының тиімділігіне көз жеткізіп, осы сервисті белсенді түрде пайдаланады, сондай-ақ елорда тыныс-тіршілігінің барлық мәселелері бойынша өз өтініштерін, ұсыныстары мен шағымдарын тәулік бойы жолдап отырады.