Қазақстанда кәсіпкерлер жұмысын реттеу саласы Кеңес одағы кезінде қалыптасқан жүйе. Елбасының тапсырмасымен оны жақсарту, жаңарту, жандандыру жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта дамыған елдердің, соның ішінде Прибалтика, Грузия елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, жаңа реттеу жүйесі әзірленеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жұмыстарға кәсіпкерлердің өздері де тартылады.
«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында толығымен тексеру, қағаз, құжат, бәрін цифрлық түрде қарап, жаңа реттеу жүйесін дайындауды тапсырды. Оған 1 жыл уақыт берілді. Бұл өзекті әрі күрделі мәселе. Көптен бері айтылып жүр. Бұл кәсіпкерліктің дамуына үлкен үрдіс береді деп ойлаймын», - деді А.Мырзахметов.
Сонымен қатар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Мемлекет басшысының жолдауында отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі көтерілгенін атап өтті. Оның пікірінше, ауыл шаруашылығы саласы болашақта «жаңа мұнайға» айналады.