Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев айтты. Жыл сайын Жабай өзенінің тасуы кезінде Атбасардағы тұрғын үйлер су астында қалады. Бірнеше жыл бұрын бюджет қаражатынан дамба салынды, бірақ оны су шәйіп кетті. Сондықтан тұрғындар көктемнен қорқады.

Бұл мәселені біржола шешудің жолы бар ма деген журналистер сұрағына: «Ақмола облысы су тасқынына бейім өңірлерге жатады. Атап айтқанда, Целиноград ауданы, Аршалы ауданы және Атбасар қаласы. Аталған проблема бар, бірақ жыл сайын жергілікті атқарушы органдар осы қатерлерді жою үшін барлық шаралар кешенін жүргізеді. Атбасар бойынша су қорғау аймағынан 455 тұрғын үй көп пәтерлі үйлерге көшірілді. Сондықтан бұл тұрғын үйлерге қауіп жоқ. Қалада бар қорғаныс біліктері бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жабай өзені бойынша жағалауды бекіту және түбін тереңдету жұмыстары бойынша Жол картасында да іс-шаралар көзделген және 2023 жылға дейінгі жоспарға енгізілген. Қазір Жыланды өзені мен Есіл өзенінің саласы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл мәселелер Ақмола облысы әкімдігінің де, ТЖ министрлігінің де ерекше бақылауында»,- деп жауап берді полковник.