Қазіргі кезде пандемияның екінші кезеңі болып жатыр деуге ерте. Күзден бастап еліміздегі жағдай тұрақтанды, науқастар саны көбейген жоқ. Бұл карантиндік шаралардың нәтижесінде мүмкін болды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов осылай деді.

«Статистика бойынша болжамдар жасағанда, ауруханалардағы бос орындар саны ескеріледі. Егер төсек-орындардың 70 пайызы толса, онда екінші кезең деуге болады», - деді М.Шоранов.

ДСМ құрған матрицаға сәйкес, жасыл, сары және қызыл аймақтарға енген облыстарда ерекше карантиндік шаралар қабылданады. Мысалы, сары аймаққа енген облыстарда мейрамханаларға 30-50 адамға дейін кіруге рұқсат етіледі, ал қызыл аймаққа енген облыстар мен қалаларда мейрамханалардағы адамдар саны 30-ға дейін шектелген. Бірақ үлкен ұжымдық шараларға, мерекелік-концерттік шараларға қатаң тыйым салынады.