Қазақстанда 2026-2027 жылдардағы эпидемиялық маусымға 2,2 млн доза «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынды. Вакцина құрамында ДДҰ ұсынымдары ескеріліп, тұмау вирусының үш нұсқасына қарсы компоненттер бар: A(H1N1), A(H3N2) және B. Бүгінгі таңда 2 млн 65 мың адам вакцина алды. Бұл жоспарланған көлемнің 93,9%-ын құрайды. Екпе салу 2026 жылдың 1 желтоқсанына дейін жалғасады. Бұл туралы ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Оның айтуынша, мемлекеттік бюджет есебінен динамикалық байқауда тұрған балаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, қарттарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын адамдарға, мүгедектігі бар адамдарға және медицина қызметкерлеріне вакциналау жүргізіледі.
«Эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша ерікті негізде қауіп тобына жататын басқа да адамдарды, оның ішінде жүкті әйелдерді, әскери қызметшілерді, жүрек-қантамыр жүйесі мен тыныс алу ағзаларының созылмалы аурулары бар адамдарды, сондай-ақ 65 жастан асқан азаматтарды вакциналау көзделген», - деді бас санитарлық дәрігер.
Сондай-ақ ол тұмау таралмай тұрып, сақтық шараларын қолға алу қажеттілігін ерекше атап өтті. Себебі вакциналау тұмауды жұқтыру және оның ауыр асқынуларының туындау қаупін төмендетеді. Азаматтар, әсіресе, қауіп тобына жататын адамдар, вакциналауды кейінге қалдырмай, медициналық ұйымдардан екпе алу мүмкіндігін нақтылау керек.