ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында балалар арасында жаппай сырқаттанушылыққа және мектептердің онлайн оқыту форматына көшуіне жол бермеу үшін ата-аналарға үндеу жасады. Ол ауру белгілері бар бала үйде қалуға тиіс екенін ерекше атап өтті.

«Бұл - оның денсаулығына қамқорлық жасау ғана емес, бүкіл балалар ұжымын қорғау. Инфекция белгілері бар бала мектепке немесе балабақшаға барған кезде сыныптастарына, балабақша тәрбиеленушілеріне, педагогтерге және олардың отбасы мүшелеріне, соның ішінде қарт туыстарына инфекция жұқтыру көзіне айналуы мүмкін. Сондықтан ата-аналарды ауру белгілері бар балаларды білім беру ұйымдарына жібермеуге шақырамын», - деді С. Бейсенова.

Бас санитарлық дәрігер жұмыс берушілерге де қызметкерлердің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қолдап, медициналық көмекке уақытылы жүгінуіне жағдай жасауға және жұмыс орындарында профилактикалық шаралардың сақталуына назар аудару қажеттілігін ескертті.

«Әрқайсымыз инфекцияның таралуын азайтуға үлес қоса аламыз. Ол үшін үй-жайларды үнемі желдетіп, қол және жөтел гигиенасын сақтау, ал ауру кезінде басқа адамдармен байланыс жасау қажет болған жағдайда тығыз жанасатын масканы пайдалану керек», - деді спикер.

Жүкті әйелдерге, кішкентай балалары бар ата-аналарға, егде жастағы адамдарға және созылмалы аурулары бар пациенттерге дәрігерге жүгінуді кейінге қалдырмау ерекше маңызды. Тыныс алудың қиындауы, кеуде тұсының ауыруы, сана бұзылыстары, баланың айқын әлсіздігі және жағдайының ауыр екенін көрсететін басқа да белгілер байқалса, шұғыл медициналық көмек қажет. Антибиотиктерді өз бетінше қабылдауға болмайды, өйткені олар вирустарға әсер етпейді. Вирусқа қарсы емнің және басқа да дәрілік препараттарды тағайындаудың қажеттілігін дәрігер анықтайды.

«Біз жыл мезгілдерінің ауысуын немесе вирустардың табиғи өзгергіштігін тоқтата алмаймыз. Алайда халық денсаулығына төнетін қауіптерді айтарлықтай төмендете аламыз. Денсаулықты қорғау әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Барлық азаматты профилактикалық шараларға жауапкершілікпен қарауға, балаларды, қарт адамдарды және созылмалы аурулары бар жақындарын қорғауға шақырамын», - деп түйіндеді ДСМ өкілі.