2026 жылдың он айында Қазақстанда барлық көлік түрімен 1,64 млрд жолаушы тасымалданды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,9%-ға өсті. Сонымен қатар жолаушылар айналымы бұдан да жоғары қарқынмен өсіп, әуе және автомобиль көлігімен тасымалдау бағыттарында айтарлықтай өсім байқалды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қаңтар–қазан айларында елдегі жолаушылар айналымы 80,3 млрд жолаушы-шақырымға жетті. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға көп. Жолаушыларды барлық қатынас түрлері бойынша тасымалдаудан түскен кіріс 1,4 трлн теңгеге жетті.

Жолаушылар тасымалының негізгі көлемі автомобиль және қалалық электр көлігіне тиесілі. Есепті кезеңде бұл көлік түрлерімен 1,61 млрд жолаушы тасымалданды. Бұл сегментте жолаушылар айналымы 38,8 млрд жолаушы-километрді құрап, 9,5%-ға өсті.

Әуе тасымалы саласында да оң динамика байқалады. Он айда әуе көлігімен 13,8 млн адам пайдаланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,3%-ға көп. Сонымен қатар жолаушылар айналымы 10,7%-ға өсіп, 28,2 млрд жолаушы-шақырымға жетті. Әуе тасымалынан түскен кіріс 852,1 млрд теңгені құрады.

Теміржол көлігімен 15,7 млн жолаушы тасымалданды. Жолаушылар айналымы 13,3 млрд жолаушы-шақырымды құрады.

Ішкі су көлігімен 267,7 мың жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылдың он айымен салыстырғанда 5,8%-ға көп. Жолаушылар айналымы 10,8%-ға артып, 5,2 млн жолаушы-шақырымды құрады.

Теңіз және жағалау көлігімен жолаушылар тасымалдау көрсеткіші де айтарлықтай өсіп, 46,8 мың адамды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артық.

Өңірлер бөлінісінде жолаушылардың ең көп саны Алматыда тіркелген – 394,8 млн адам. Одан кейін Астана қаласы (285,6 млн) мен Қарағанды облысы (122,2 млн) орналасқан.

Ал өткен жылмен салыстырғанда тасымалданған жолаушылардың ең жоғары өсімі Шымкентте тіркелді. Мұнда тасымалданған жолаушылар саны 27,1%-ға артқан. Астанада бұл көрсеткіш 10,3%-ды, Қарағанды облысында 9,2%-ды, Жетісу облысында 8,4%-ды құрады. Жолаушылар айналымының көлемі бойынша Алматы (24,7 млрд жолаушы-шақырым), Астана (15,1 млрд) және Шымкент (6,4 млрд) қалалары көш бастап тұр.

Сонымен қатар Қазақстанда жолаушылар тасымалдайтын теміржол вагондары паркін жаңарту, ел ішіндегі және одан тыс жерлерге әуе қатынасының бағыттарын кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр.