Арыс қаласында болған оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстың себебін анықтау бойынша ішкі қызметтік тексеру жүргізу үшін Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының комиссиясы жұмысқа кірісті, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына жоғары білікті әскери мамандар, өртке және диверсияға қарсы қауіпсіздік мәселесінде тиісті тәжірибесі бар Қарулы Күштердің ардагерлері кірді. Өйткені, Қазақстан аумағында басқа да оқ-дәрілер қоймалары бар. Олардың көлемі Арыстағыдан аз болғанымен, біздің міндетіміз осындай жағдайды болдырмау»,- деді ҚР Қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаев.

Айтуынша, комиссия Қарулы Күштердің оқ-дәрі сақталатын барлық объектісінде оқ-дәріні сақтау жағдайы мен тәртібін, өрт қауіпсіздігі талабының сақталуын тексереді.

Сондай-ақ, оқ-дәріні сақтау объектісіндегі қауіпсіздік деңгейін арттыру шарасын айқындап, практикалық көмек көрсетпек.

«Қазіргі уақытта оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сақтау орнында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылдануда»,- деді Қорғаныс министрі.