Ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен молықтыру жөніндегі міндет шеңберінде бос тауашалары бар және импортты қысқартылуы тиіс позициялар айқындалды. Бұл - құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, алма, қант және балық. Осы өнімнің өндірісін ұлғайту мақсатында инвестициялық жобаларды қолдау бойынша, оның ішінде жеңілдікті несиелеумен және субсидиялаумен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және жер ресурстарымен қамтамасыз ету, ішкі нарықты қорғау бойынша, сондай-ақ кадрларды қамтамасыз ету және даярлау бойынша бірқатар шаралар іске асырылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР АШМ Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры Сәуле Молдабаева мәлімдеді.
«Өткен жылы импортты алмастыру аясында 48 сүт-тауар фермасы, 1800 га бақ, 3 ет комбинаты, 8 құс фабрикасы, балық өндіретін 3 нысан іске қосылды. Жалпы, 2024 жылға дейін Жамбыл облысында жыл сайын 19 құс фабрикасын, 35 өнеркәсіптік сүт-тауар фермасын, 9 ет өңдеу кәсіпорнын іске қосу, сондай-ақ жаңа қант зауытын салу жоспарланған. 6,6 мың га алаңда жаңа қарқынды бақтар салу, сондай-ақ тауарлы балық өсіру бойынша 8 жобаны іске қосу көзделіп отыр», - деп хабарлады ведомство өкілі.
Осы жобаларды толық қуатқа енгізудің нәтижесінде аталған өнім түрлері бойынша қамтамасыз ету 2024 жылға қарай 100%, ал қант бойынша - 80% құрайды.
Жалпы, республика бойынша бес жылдың ішінде 380 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, олардың 65%-дан астамы ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын алмастыруға бағытталған. Сондай-ақ, бұл тізбеге АӨК экспорттық әлеуетін арттыру жөніндегі жобалар, оның ішінде бордақылау алаңдары, репродукторлар, жылыжайлар, сондай-ақ өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі бірқатар жобалар енгізілген.
«Жалпы жыл сайын орта есеппен 75-80 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жүзеге асырылуы тиіс минимум екенін атап өткім келеді. Министрліктің жобалар пулы облыс әкімдіктерімен инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жоспарларды пысықтауды ескере отырып кеңейтілетін болады», - деп сендірді стратегиялық департамент басшысы.