23 шілдедедегі жағдай бойынша, елімізде COVID-19 жұқтырған 76 799 адам тіркелді, оның 48 202 (63%) жазылып шықты. Сырқаттанушылық тәулігіне 1 600-1 700 жағдай деңгейінде тұрақтанды. 5 шілдеден бастап қатаң шектеу шаралары енгізілгелі сырқаттанушылық деңгейінің төмендегені байқалады. Бұл туралы Орталық Коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.

Сонымен қатар, еліміздің Бас санитарлық дәрігері COVID-19 бойынша эпидемияға қарсы және алдын алу іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу бойынша бірыңғай санитарлық талаптарды регламенттейтін санитарлық ережелерді бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.

Анықтама үшін: келтірілген залалға байланысты талаптарды бұзғаны үшін жеке тұлғаларға – 30 АЕК (83 340 тг), лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 230 АЕК (638 940 тг), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310 АЕК (861 180), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1600 АЕК (444 800 тг) айыппұл салынады.

Барлық өңірлерде әкімдіктер жанынан құрылған 644 мониторингтік топ жүргізген рейдтер барысында түрлі меншік нысанындағы 25 438-ден астам объекті тексерілді, оның ішінде 3 041 объектіде (12%) бұзушылықтар анықталды. Рейдтердің қорытындысы бойынша ескертулерді жою үшін 16 мыңнан астам ұсыным берілді, 742 нысан өз бетінше қызметін тоқтатты.

Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, анықталған бұзушылықтар арасында негізінен бетперде тақпау, әлеуметтік қашықтықты сақтамау, карантин кезінде қызметіне тыйым салынған объектілердің жұмыс істеуі, қызметкерлерді бетпердемен және антисептиктермен қамтамасыз етпеу, бұқаралық іс-шаралар өткізу жиі тіркеледі.

Жоспардан тыс рейдтер аясында 270 нысан тексерілді, 269 нысанда бұзушылықтар анықталды, 1036 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасалды, бұзушылықтарды жою туралы 202 ұйғарым берілді, 23 нысанның қызметі тоқтатылды.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 425-бабы бойынша карантин кезінде шектеу іс-шараларын сақтау жөніндегі талаптар бөлігінде заңнаманы бұзғаны үшін 457 тұлғаға 65 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды.

Ағымдағы жылдың 5 шілдесінен бастап карантин кезінде 495 жеке тұлғаға 20 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды. Бұзушылықтардың басым бөлігі Алматы қаласы мен Түркістан облысында тіркелді.

«Өкінішке орай, азаматтардың үйлену тойларын, туған күндерді, басқа да тойларды өткізу фактілері әлі де анықталуда. Бұл халықтың індетті жаппай жұқтыруына қауіп төндіреді», - деді А. Есмағамбетова.