Орталық коммуникациялар қызметі алаңында журналистердің сұрақтарына жауап берген еліміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова ағымдағы жылдың басынан бері Қазақстанда 234 187 адамның пневмониямен ауырғанын, соңғы 20 күн ішінде 63 491 пациенттің ауруханаға жатқызылғанын хабарлады. Бүгінгі таңда 45 мың пациент стационар жағдайында ем алуда.

А.Есмағамбетованың айтуынша, карантиннің ұзақтығы, оны қатаңдату немесе жеңілдету деңгейі елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты.

«Бұл үшін бәріміз күнделікті өмірде қойылған талаптарды түгел орындауға тиіспіз – бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, қол гигиенасы және т.б.»,- деді Бас санитарлық дәрігер.

Еңбек ұжымдарына тоқталған А. Есмағамбетова, жұмыс берушілердің объектілерде санитарлық-инфекциялық режим талаптарын сақтауы тиіс екенін еске салды. Осы мақсатта әрбір саладағы нысандар үшін жеке алгоритмдер әзірленді. Онда қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан жұмыс берушілерге, жеке тұлғаларға, келушілерге немесе қызмет алушыларға қойылатын талаптар жазылған.

«Әркім өз тарапынан осы талаптарды нақты сақтаған жағдайда, біз карантин режимін күшейтпей, біртіндеп жеңілдететін боламыз деп үміттенемін», - деп түйіндеді А.Есмағамбетова.