Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Bek Air ұшағының апатқа ұшырауының негізгі нұсқасын атады.
Оның айтуынша, апатқа ұшыраудың негізгі себебі әуе кемесінің мұздануы болуы мүмкін. Комиссия тексерісінің барысында Bek Air ұшағы арнайы мұздануға қарсы сұйықтықпен жартылай - тек тұрақтандырғышпен өңделгені белгілі болды. Ал қанаттар өңделмеген. Дегенмен, бұл нұсқа апаттың нақты себебі емес. Үкіметтік комиссия деректерді талдау кезінде ұшақтың апатқа ұшырауы себептерінің 4 нұсқасын ұсынды.
Бірінші нұсқа - әуе кемесінің коммерциялық тиелуі мен орталықтандырылуының бұзылуы. Екіншісі – метеожағдайлар, желдің ауысуы, спутниктік ағыс және мұздану сияқты сыртқы факторлардың әсері. Үшіншісі – ұшу техникасындағы экипаждың қателігі. Төртіншісі-авиациялық техниканың істен шығуы.
Бірінші нұсқа бойынша - комиссия ұшақты тиеу және орталықтандыру бойынша ереже бұзылмағанын анықтады және растады.
Екінші нұсқа бойынша-сыртқы факторлардың әсеріне қатысты. Ұшуды орындау кезеңінде ұшу-қону жолағындағы жел секундына 1-2 метр жылдамдықпен 130-140 градус бағытта орнықты болды. Жел бағыты, жылдамдығы және ұшып көтерілетін ұшақтар арасындағы уақыт аралығына қарай - 110 секунд, - жерсеріктік із ұшу-қону жолағынан 50 метрден кем емес қашықтыққа солға қарай жылжыған. Тиісінше, ол жағдайға әсер ете алмады.
Әуе кемесінің мұздануына қатысты - комиссия екі тәулік бойы тұрақта тұрған кеме бетінде мұздың шөгуі туралы фактіні жоққа шығармайды.
Қалған нұсқалар бойынша үкіметтік комиссия жұмысын жалғастыруда.
Ал, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы әуежайы маңында жер учаскелерін заңсыз беру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
«2015-2019 жылдары Талғар ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, әуежайдың санитарлық қорғау аймағында жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін, оның ішінде тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру туралы заңсыз шешім шығарғаны анықталды», - деп нақтылады Р.Скляр.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыдан Нұр-сұлтанға ұшып шыққан Bek Air ұшағымен әуе апаты 2019 жылы 27 желтоқсанда таңертең орын алды. Лайнер Алматы әуежайына жақын жерде құлап кетті. Бортта 98 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 12 адам қаза тапты.