Бір көзден келісім жасала ма, әлде сатып алу конкурсына қатыса ма? Отандық білім беру платформалары қандай негізге сүйеніп таңдалады? Орталық коммуникациялар қызметі алаңында отандық білім беру платформаларының мүмкіндіктері туралы өткен брифингте журналистер тарапынан осындай сауал қойылды.

Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқарма басшысы Шолпан Қадырованың айтуынша, білім беру барысында қандай платформаны пайдаланатынын әр мектеп өзі таңдайды және бюджетіне қарай келісімшарт жасайды.

«Білімлэнд пен Дарын онлайн қазақстан Республикасында бұрыннан істеп келе жатқан платформалар. Әр мектептің өз таңдауы бар, олар өз талаптарына сай іріктеледі. Бұл мәселе ұстаздар кеңесінде талқыланады. Төртінші тоқсанда бұл платформалардың жұмысы, қызметтері тегін болды. Ал 1 қыркүйектен бастап ақылы болады. Әр мектеп өз бюджетіне қарай келісімшартқа отырады», - деді басқарма басшысы өз жауабында.