Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде шамамен 6,5 мың жоба іске асырылуда, онда 154 мың адам жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шәпкенов мәлім етті.

Шәпкеновтың айтуынша, олардың 73%-ы ауылдық жерлерде тұрады, 37%-ы жұмыссыз жастар, 17%-ы бұрынғы бейресми қызметкерлер және 9%-ы табысы аз отбасылардың мүшелері.

«ЖҚЖК жобалары бойынша орташа жалақы 130 мың теңге мөлшерінде қалыптасты. 154 мың адамның жалақысына шамамен 75 млрд теңге жұмсалды. Осылайша, отбасы мүшелерін қоса алғанда, 600 мыңнан астам адам табыс көзімен қамтамасыз етілді», – деп хабарлады вице-министр.

Жобаларға тартылған бизнес субъектілері 370 млрд теңгеге тапсырыс алды.

«Әкімдіктермен бірлескен бағалау бойынша, шағын және орта бизнестің 19 мыңға жуық өкілі Құрылыс материалдарын мердігер және сатушы ретінде ЖҚЖК жобаларын іске асыруға қатысты, ал кемінде 114 мың адам жұмыс орындарын сақтап қалды», – деді Шәпкенов.