3 тамызда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 92 662 жағдайы тіркелді. Бұл жоғары көрсеткіш, бірақ оның жартысынан көбі жазылып, ауруханалардан шығарылды, бұл 62 511 адам. Тек соңғы тәулікте 672 адам аурудан сауықты және мұндай жақсы көрсеткіштер баяу болса да, өсіп келеді. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай деректерді келтірді.
Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысында, Алматы, Түркістан, Қостанай, Ақмола және Маңғыстау облыстарында жағдай жақсарды. Елордада сауығып кеткендердің саны 73%-ға тең.
«Қазақстанда КВИ-мен сырқаттану жағдайы тұрақтанды деп толық сеніммен айта аламыз. Оны өздеріңіз де байқаған шығарсыздар. Қиын кезең артта қалды. Халқымыз өте ауыр сыннан өтті. Біздің міндетіміз – осы жетістіктерді жетілдіру», - деді А.Цой.
Министр маска тағу режимін қатаң сақтау керегін тағы да еске салды. Бірақ халықаралық тәжірибені ескере отырып, 5 жасқа дейінгі балаларға, саябақтарда спортпен шұғылданатын және жазғы кафелерде тамақтанатын ересектердің шағын топтарына маска кимеуге болады.
«Соңғы үш аптаның ішінде санитарлық талаптардың күшейтілуінің арқасында барлық өңірлерде халықтың аурушаңдығы айтарлықтай төмендегені байқалады. Ел бойынша орташа алғанда аурудың тәуліктік өсімі 2 есеге жуық кеміді. Тағы бір айта кетерлік жағымды жаңалық, біз инфекциялық және провизорлық төсек-орындар жүктемесін азайта алдық. Маусым айында еліміздің кейбір ауруханаларында қиын жағдай орын алғаны естеріңізде болар. Бүгін стационарлардың 34% ғана пайдаланылуда. Бұған төсек-орынқорын 52 мыңға дейін ұлғайту арқылы қол жеткізілді», - деді ведомство басшысы.