Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой карантиндік шараларды 2 аптаға ұзарту туралы қабылданған шешімге түсініктеме бере отырып, жалпы қолданыстағы барлық инфрақұрылымдық нысандар қауіпсіз жұмыс істеу нормаларына келтірілуі керек деп мәлімдеді.

«Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, денсаулық сақтау саласында қабылданған тұрақтандыру шараларының тек 30 пайызы ғана медициналық көмек пен эпидемиологиялық шаралардың сапасына байланысты болады. Қалғаны толығымен қоғамның мінез-құлқына, атап айтқанда, маска тағу режимін, гигиенаны, әлеуметтік қашықтық нормаларын сақтауға байланысты», - деді Денсаулық сақтау министрі.

Ведомство басшысының ақпараты бойынша, коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуының алдын алу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 30 шілдедегі бұйрығымен азаматтарға көшеде қоғамдық орындарда бетперде кию міндеттелді.

Басқа елдерді мысалға келтіріп, әртүрлі ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне тоқталған Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін медициналық маска киюдің тиімділігін атап өтті.

«Ғалымдар халықтың маска тағуы, ара қашықтықты сақтауы және карантин COVID-19 пандемиясын басқаруды қамтамасыз етеді деген қорытынды жасады», - деді А.Цой.

Халықты үйден тыс жерлерде міндетті түрде маска тағуға, ара қашықтықты және гигиена талаптарын сақтауға шақыра отырып, елдің бас дәрігері міндетті түрде маска тағу туралы бұйрық ресми жарияланған күннен бастап күшіне енетінін ескертті. Тиісті норманы орындамағаны үшін жеке және заңды тұлғаларға айыппұл салынады.