Пандемияға қарамастан, немесе оның әсерінен Атырау облысында кәсіпкерлер саны өсті. Қазір өңірде 50 мың ШОБ субъектісі бар. Онда 127 мың тұрғын жұмыс істейді, бұл экономикалық белсенді халықтың 40% құрайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов мәлімдеді.

«Үстіміздегі жылдың І жартыжылдығында ШОБ субъектілері 1 трлн 148 млрд теңгенің өнімін өндірді. Салықтық ынталандыру шараларының нәтижесінде облыста 20 мыңнан астам салық төлеушісі жекелеген санаттар бойынша 6 млрд теңге мөлшерінде салықтық жеңілдіктерге ие болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыста 204 ШОБ субъектісі мемлекеттік мүлікті жалға алу кезінде төлеуден босатылды. «Бизнестің жол картасын» іске асыру кезеңінде өңірде несиелендірудің жалпы сомасы 134 млрд теңгені құрайтын 1925 жоба субсидияланды және кепілдендірілді, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды», - деді ол.

2020 жылы осы бағыт бойынша 4,1 млрд теңге бөлінді, 335 кәсіпкер қаржылай көмек алып, 466 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды.

«Бизнес аймақ» өңірлік бағдарламасы жүзеге асырылған 7 жыл ішінде ауылда 513 жоба қаржыландырылды. 705 адам тұрақты табыс тапты. Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 660 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оларды құны 16 млрд теңгеге жуық 8 жаңа жоба қамтамасыз етеді.