Қазақстан халқы үшін коммуналдық қызметтер тарифтерінің орташа жоспарлы өсімі 15,5%-ды құруы тиіс еді, бірақ қабылданған шаралар нәтижесінде тарифтердің өсуі 2019 жылғы қаңтарға қарағанда республика бойынша орта есеппен 0,5%-ды құрады. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

Асан Дарбаев Мемлекет басшысының 2020 жылға арналған коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуін тежеу жөніндегі тапсырмасы аясында Комитет қандай жұмыс жүргізгені туралы айтып берді.

Оның айтуынша, электрмен жабдықтау 5% өсім берді, бұның өсу себебі Энергетика министрлігінің бұйрығымен бекітілген станциялардың шекті тарифтерінің орта есеппен 15%-ға өсуі болды.

«Бұл ретте, ол тарифтердің өсуін тежеу үшін Комитет 400-ден астам монополистердің қызметіне талдау жүргізді, нәтижесінде елдің барлық өңірлеріндегі субъектілерге жалпы сомасы 16,4 млрд.теңгеге уақытша өтемдік тарифтер бекітілді және басым бағыттары жоқ монополистердің жекелеген шығыстары жалпы сомасы 10,4 млрд. теңгеге оңтайландырылды. Нәтижесінде, жалпы алғанда, халық тұтынушы ретінде шамамен 27 млрд теңге үнемдей алды», - деді ведомство басшысы.