Бүгінгі таңда Қазақстанның фармацевтика саласында 90 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 33-і дәрілік заттар, қалғаны медициналық бұйымдар шығарады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков мәлімдеді.

Оның ақпараты бойынша, үстіміздегі жылдың 7 айының қорытындысы бойынша фармацевтикалық кәсіпорындар өндірісінің көлемі 23,2%-ға (70 млрд теңгеден астам) артты. Дәрі-дәрмек шығаратын 33 кәсіпорынның 17-сі тиісті өндірістік тәжірибе стандарттарына сәйкес келеді, тағы 10 кәсіпорын осы стандарттарға сәйкес келуге дайын екендіктерін жеткізді. Дәрілік препараттар өндірісі республиканың негізгі кәсіпорындарына шоғырланған, олар барлық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар көлемінің 77%-дан астамын шығарады.

Салалық министрлік өкілінің айтуынша, фармацевтикалық өнеркәсіп экспорты 18,9-дан 59 млн-ға дейін 3 есе. Экспорт Ресей, Қырғызстан, Түркия, Моңғолия сияқты елдерге, таяу Орталық Азия елдеріне жүзеге асырылады.

«Фармацевтикалық өндірісті дамыту және импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында 10 жылға дейінгі мерзімге дәрілік заттарды жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасау арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары іске асырылуда. Бұған дейін 7 жылға дейін жасалған», - деп нақтылады Н.Асылбеков.

Бүгінгі күні 32 отандық тауар өндірушімен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 3 600 атауын жеткізуге жасалған 63 ұзақ мерзімді шарт жұмыс істейді. Қазірдің өзінде Бірыңғай дистрибьютор отандық өндірушілердің өнімдерінің 70%-дан астамын сатып алады.

«COVID-19 емдеуге арналған дәрі-дәрмектің 48%-ын отандық өндірушілер өндіреді», - деп хабарлады ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков.