Елде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Ауру жұқтырғандардың тәуліктік өсуі 0,1% құрайды. Бүгін COVID-19 жұқтырудың 86 фактісі тіркелді. 5 шілдеден бастап төсек орын қажеттілігі 6 есеге, жедел жәрдем шақырулары 5,5 есеге азайды. Осындай мәліметтерді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті.

"Науқастардың 99% емделді, бұл дұрыс емдеу тактикасын көрсетеді, бірақ тәуекелдер әлі бар. Пандемия басталғаннан бері 2400-ден астам бала коронавируспен ауырды, бүгінгі күні 34 бала емделуде. Осындай жағдайда Үкіметтің міндеті - қазақстандықтарды қауіпті вирустан барынша қорғау. Егер балалар коронавирусты жеңіл түрде көтерсе, ересектер қауіпті буынға жатады. Олар кейін вирусты басқаларға жұқтыруы мүмкін. Осыған байланысты оқу жылының бірінші тоқсанында оқушылардың негізгі бөлігін қашықтықтан оқыту форматына көшіру туралы шешім қабылданды", - деп спикер тактиканы түсіндірді.

Ол сондай-ақ осындай сценарийді әлемнің 100-ден астам елі ұстанғанын атап өтті.

"Қазақстанда 3,4 млн. оқушы бар, соның 77% қашықтықтан білім алуды бастады. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, бірінші кезеңде жалпы контингенті 800 мың оқушысы бар кезекші сыныптар мен шағын жинақты мектептер ашылды. Білім және ғылым министрлігі сабақтарды штатты режимде қайта бастаудың екінші кезеңі бойынша да ұсыныстар әзірледі. Денсаулық сақтау министрлігі мен білім және ғылым министрлігінен келіп түсетін барлық ұсыныстарды үкімет егжей-тегжейлі қарайтын болады. Бірінші кезекте, қазақстандықтардың мүддесіне сай келетін салмақты шешімдер қабылданады", - деп сендірді вице-премьер.