Коронавирусқа тән ерекшеліктердің бірі тромбтардың пайда болуы. Бірақ тромбқа қарсы препараттарды науқастардың бәріне бірдей қабылдауға болмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жоғары санаттағы дәрігер Раушан Қарабаева мәлімдеді.

«Өкінішке орай, қанның ұю жүйесіне зертханалық бақылау жүргізбей, асқазан-ішек жолына, бассүйекішілік қан кету, бүйрекке, бауырға тиетін жанама әсерлерді бағалаусыз, адамдардың үй жағдайында антикоагулянттарды өз бетінше инъекциялық қабылдауы орын алуда. Бұл препараттарды бақылаусыз қабылдау әсіресе, қан қысымы жоғары, бүйрек қызметі төмен егде жастағы адамдар үшін аса қауіпті», - деді дәрігер.

Бұл ретте маман «ауыр» препараттарды қолданбай, дәрілік заттарды дұрыс қабылдауға және асқынулар орын алған жағдайда дәрігермен кеңесуге үндейді.

«Дәрілік заттар мен биологиялық белсенді қоспаларды көп мөлшерде қабылдау күтпеген нәтижеге әкеп соғуы мүмкін. Сонымен қатар, ілеспелі аурулары бар науқастар емдеу барысын базистік препараттармен тоқтатпауы керек, өйткені созылмалы аурудың өршуі немесе қалпына келмеуі коронавирустың асқынуына әкеледі», - деп ескертті Қарабаева.