Қалыптасқан және қазіргі уақытта қолданылып жүрген тариф белгілеу жүйесі кезінде Қазақстанда электр энергетикалық объектілердің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қиынға түсуде. Бұл туралы ОКҚ өткен брифингте «Атырау Жарық» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Қаршегенов хабарлады.
О.Қаршегенов атап өткендей, энергетика субъектілерінің кірістері жылу және электр энергиясын өндіруге арналған тарифтерден, оны беру, бөлу және жеткізу жөніндегі қызметтерге арналған тарифтерден, сондай-ақ электр энергиясы мен энергия-тұрмыстық жұмыстарды диспетчерлендіру мен теңгерімдеуді ұйымдастыруға арналған тарифтерден құралады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда энергиямен жабдықтауды ұйымдастырудың әрбір сатысындағы тарифтер өндіріс процесін қаржылық қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз және шығынды болып отыр.
Анықтама үшін: электр станциясы үшін тарифтің негізгі құраушылары мыналар болып табылады:
тасымалдаумен отынға арналған шығындар (37%);
жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған шығындар (13%);
ЖЭК объектілері өндіретін электр энергиясын сатып алу (10%);
қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу (18%);
станциялардың жұмысын жүзеге асыру үшін қажетті басқа да өндірістік шығыстар (қосалқы бөлшектерді, материалдарды және т.б. сатып алу) (22%).
«Осы шығындардың барлығы жыл сайын өсу үрдісіне ие, тиісінше оларды жабу үшін қаржы қажет», - деп толықтырды сарапшы.
Өз сөзінде О.Қаршегенов барлық шығындарды ескере отырып, энергетика субъектілері үшін тарифтерді бекіту ережелерін, оның ішінде өндірістік қуаттарды жаңарту мен дамытуға шұғыл түрде қайта қарау қажеттігін атап өтті.
«Егер аталған шараны қолданбаған жағдайда, энергия кәсіпорындары өндірістік және инвестициялық шығындарды, сондай-ақ негізгі және қосалқы жабдықтарды күрделі және ағымдағы жөндеу шығындарын қысқартуға мәжбүр болады, бұл ақырында авариялық ажыратуға алып келеді. Бұл мәселені шешуді кешеуілдету Қазақстан энергетикасына ауыр зардабын тигізуі мүмкін», - деп атап өтті «Атырау Жарық» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.