Экология министрлігі «Waste to energy» технологиясы бойынша заң жобасын дайындады. Жоба аясында қоқысты өртеу арқылы қайта өңдеп, электр қуатын алу көзделген. Осындай зауыттардың құрылысы бойынша аукциондар келесі жылы өткізілмек, деп хабарлады ведоство басшысы Мағзұм Мырзағалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

«Министрлік тиісті заң әзірледі, құжат Мәжілісте мақұлданды. Күзде Парламент Сенатының қарауына ұсынылады деп күтілуде. Елімізде орта есеппен алғанда қалдықтарды өңдеу үлесі өте төмен. Барлығы 15%. Ал еуропалық елдерде бұл көрсеткіш 2 есеге артық. Жасыл экономика тұжырымдамасына сәйкес, біз бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 40%-ға дейін жеткізуіміз керек», - деп атап өтті министр.

Алайда, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мен оны пайдаға асыру шығындары ескерілмеген қоқыс шығару тарифтерінің төмендігінен бұл сала инвесторлар үшін тиімсіз болып табылады. «Waste to energy» технологиясы жеке инвесторлардың қызығушылығын тудыра алады. Өйткені қоқысты өртеу нәтижесінде электр энергиясы өндіріледі және жалпы электр қуаты желісіне сатылады. Инвесторлар арасындағы осындай зауыт құрылысына алғашқы аукциондарды келесі жылы өткізуді жоспарлап отырмыз. Электр энергиясына ең төмен баға ұсынғаны аукционның жеңімпазы атанады», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Қоқыс өртейтін зауыттар «Өнеркәсіптік қалдықтар туралы» Еуропалық директиваға балама талаптарға сәйкес жұмыс істейтін болады. Еуропада мұндай зауыттардың шығарындыларының көрсеткіштері аса төмен. Мысалы, Венадағы Шпиттелау қоқыс өртеу зауытында диоксин шығарындылары жылына 1 граммға дейін жетеді.

«Мұндай зауыттарды республиканың 6 қаласында пилоттық түрде іске қосуды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан, Тараз және Шымкент қалаларында. Әлеуетті инвесторлармен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, біздің министрлік қазір жер телімдерінің болуы, инфрақұрылым және қалдықтарды кепілді тиеу бойынша мәселені әкімдіктермен белсенді түрде пысықтауда», - деді Мағзұм Мырзағалиев.