Бұл ұсынысты 29 қазанда өткен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді.

Оның айтуынша, бағдарлама әр өңірдің мамандануына және бәсекеге қабілеттілігіне байланысты әзірленеді. Қазақстанда кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдайлар жасалуда, бірақ шекарада орналасқан өңірлерге қосымша жергілікті бағдарлама ашу арқылы көмек көрсету жоспарланған.

«Бұл кәсіп ашуға, оны дамытуға септігін тигізеді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлерінің Омскіге апарып сүт сатқысы келеді. Ал Омскінің сауда орталығына өту үшін субсидия керек. Бұл ретте жергілікті бюджеттен көмектесу арқылы сүт сатуға, сүт шаруашылығын, сүт бизнесін сол өңірде дамытуға жағдай жасалады. Мұндай бес жылдық бағдарлама өз нәтижесін береді деп ойлаймын», - деді Абылай Мырзахметов журналистің сұрағына берген жауабында.

Спикердің атап өтуінше, бағдарламаның барлық тетігі әзірленді. Жыл соңына дейін тиісті жұмыстар аяқталады.