Елімізде жоғары оқу орындарының сапасын көтеру бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Қазіргі кезде білім ордаларын оңтайландыру жұмыстары қолға алынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қазақстан ректорлар кеңесінің төрағасы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдыков мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанда жүзден астам университет бар.

«Соңғы уақытта БҒМ 4-5 оқу орнының лицензиясын қайтарды. Бұл процесс жалғасын табады. Қанша оқу орны болса да, олар сапалы білім беріп, сапалы мамандар дайындауы керек. Сол мамандардың деңгейін бағалайтын жұмыс берушілер. Қазір министрліктің тапсырмасымен оқу бағдарламалары жұмыс берушілермен бірлесе отырып, әзірленеді. Бұл студенттерге алғашқы курстардан бастап болашақ жұмыс орнымен немесе жұмыс берушілермен тікелей байланысты болуға мүмкіндік береді. Осылайша, университет бітірген соң олардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі артады», - деді Е.Сыдықов.

Спикердің атап өтуінше, Президенттің тапсырмасымен педагогтарды дайындауға арналған мемлекеттік грант 2-3 есеге ұлғайтылды. Бұл да бәсекеге қабілеттілікті арттыруға септігін тигізеді.