Жағдай тұрақты, бұзушылықтар тіркелген жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен сайлауда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров баяндады.

«Жалпы, еліміздегі және сайлау учаскелеріндегі жағдай осы сағатқа (сағат 11.00) тұрақты, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ», - деп хабарлады ІІМ министрінің орынбасары.

Ол сондай-ақ заңнамаға сәйкес полиция қызметкерлерінің сайлау процесіне араласуға құқығы жоқ екенін еске салып өтті. Олар дауыс беру ғимараттарына да кірмейді.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңның 39-бабына сәйкес, полиция қызметкерлерінің сайлау процесіне араласуына, сондай-ақ дауыс беруге арналған ғимараттардың ішінде болуына құқы жоқ. Олар тек комиссия төрағасы шақырған жағдайда ғана тәртіпсіздіктің жолын кесу үшін сайлау учаскесінің ішіне кіре алады. Қазіргі уақытта сайлау учаскелерінің төрағаларынан полицейлерге мұндай өтініш әзірге түскен жоқ», - деп баяндады ведомство басшысының орынбасары.

Жалпы, ел бойынша полиция мен прокуратура қызметкерлерінен құралған жедел топтар құрылды. Сайлау барысында 40 мыңға жуық полиция қызметкері тәртіпті қадағалайды. Барлық сайлау учаскелері алдын ала қауіпсіздік тұрғысынан тексеруден өтті. Сондай-ақ, бюллетендердің барлығы учаскелерге еш кедергісіз жеткізілді.