Нұр-Сұлтанды газдандыру жобасы 2023 жылға дейін үш кезеңмен жүзеге асырылады. Мың шақырымнан астам газ құбыры жеткізілді. Енді жергілікті әкімдік ішкі газ магистральдарды салып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елорда әкімі Алтай Көлгінов хабарлады. Оның айтуынша, жобаның бірінші кезеңінде жеке секторға 300 шақырым газ құбыры тартылған.

«Бүгінде орталық газ құбырынан ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 магистральді газ құбырлары тартылып, іске қосылды. Қазір төрт су жылыту қазандығы газбен жұмыс істеп тұр. Қалғаны 2-ші және 3-ші кезеңде газға ауыстырылады. 100 мыңнан астам халқы бар Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық шағын аудандарында тиісті жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ, бұрынғы 40-станция мен Қарағанды тас жолының бойындағы елді мекендер, Оңтүстік-Шығыс аудандарында, Железнодорожный шағын ауданында алғашқы үйлер газға қосылды. Мыңнан астам тұрғын жеке секторда техникалық рұқсаттарын алды, 3500 адамға тиісті консультациялар берілді», - деді елорда әкімі.

А.Көлгіновтің айтуынша, қаланы газдандыру жұмыстары толық жүзеге асырылған жағдайда, шығарылатын зиянды қалдықтар мөлшері 40 мың тоннадан астам азаяды.