Жаңа Экологиялық кодексте ең көп талқыланған мәселелердің бірі эмиссияларды мақсатты жұмсау. Ескі құжатта міндеттемелердің болмауына байланысты әкімдіктер табиғат қорғау іс-шараларына түсетін түсімдердің жартысынан азын бөлген. Ал кейбір аймақтарда ақшаның оннан бір бөлігі экологияға бағытталды. Енді бұл кемшілік түзетілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті.

«Осыған байланысты, жаңа кодексте экологиялық төлемдердің 100% экологиялық іс-шараларға жұмсалатыны көзделген. Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру. Бұл бағытта әлі көп жұмыс бар екенін мойындау керек. Дамыған елдер осы салада инновациялық шешімдерге әлдеқашан көшкен. Біз әзірге бұған тек ұмтылудамыз. Бүгінгі күні еліміздің 3,2 мың полигонында 125 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жинақталған. 2019 жылы қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 15 пайызды құрады. Алайда, бұл мүлдем жеткіліксіз. Салыстырар болсақ, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 30% асады. Осыған байланысты заңнамалық негізде қалдықтардың жиналуын азайту үшін WASTE TO ENERGY технологиясын қолдана отырып, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату енгізілді. Бұл технологияға сәйкес қоқыс өртеліп, электр қуаты шығарылады, содан кейін ол жалпы электр желісіне сатылады», - деп атап өтті министр.

Бүгінде 6 пилоттық қала анықталды. Әкімдіктермен жер учаскелері, инфрақұрылым және қалдықтармен кепілдендірілген жүктеме мәселелері бойынша сұрақтар белсенді пысықталуда. Пилоттық жобалар табысты іске асырылған жағдайда, тәжірибе басқа қалаларға да таратылатын болады.

Осы технологияның арқасында 2025 жылға қарай қайта өңдеу деңгейін 30% пайызға, яғни орта еуропалық деңгейге дейін жеткізу жоспарланған.