Алғаш рет Ұлыбританияда анықталған мутацияланған вирус түрі бірнеше елде, оның ішінде Австралия, Дания, Италия, Исландия, Нидерланд, Ресей және басқа да елдерде анықталды. Аталған вирус алдын ала деректер бойынша, вирустың басқа түрлеріне қарағанда халықтың жас топтары арасында белсенді таралуда. Бірақ оны зерделеу жалғасуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов мәлімдеді.

«Қазақстанда вирустың бұл типі анықталған жоқ. Вирустың ауа-тамшы арқылы берілу механизмін ескере отырып, оның елімізге тасымалдау қаупін жоққа шығаруға болмайды. Елімізде эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы азаматтардың сақтық шараларына немқұрайлы қарауының салдары. Сондықтан, қонаққа бармауға және қонақ шақырмауға, жеке гигиена және респираторлық гигиена ережелерін сақтауға, қоғамдық орындарда арақашықтықты сақтауға, медициналық маска тағуға, антисептиктер қолдануға шақырамын. Жұмыс берушілер өз қызметкерлері мен клиенттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек, кәсіпкерлік субъектілері белгіленген талаптарды орындауы керек. Бұл көп шығынды қажет етпейді және оларды орындау оңай», - деді бас санитарлық дәрігер әрбір адам пандемия жағдайына барынша жауапкершілікпен қарап, басқаларға жұқтырмауы және өзіне жұқтырмау үшін барлық жағдайды жасауы керек екенін еске сала отырып.