Қазіргі кезде Алматы облысының 144 елді мекені газдандырылды. Жыл соңына қарай көгілдір отынға 1,2 млн тұрғын немесе тұрғындардың жалпы санының 57,1%-ы қолжеткізе алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде өңір басшысы Амандық Баталов мәлімдеді.

Оның мәліметінше, Талдықорғанда IV кезегі аяқталуда, Балқаш, Қаратал, Көксу, Кербұлақ және Ескелді аудандарында ауылішілік желілердің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жыл соңына қарай облыстың 1,2 млн тұрғыны немесе 57% газға қосылуға мүмкіндік алады.

«Бүгінгі күні бес ауданда газ жеткізілмеген, ол үшін «Ақсу - Сарқан - Үшарал», «Шелек – Кеген - Нарынқол» бағытындағы газ құбырлары құрылысының құжаттамалары дайындалуда. Соның нәтижесінде тағы 300 мың адам газбен қамтылатын болады.

Баталов қазіргі кезде сапалы ауыз сумен қамту мәселесі де шешіліп жатқандығын атап өтті. Облыста сумен қамту жүйелерінің құрылысы мен жөндеуіне қатысты 110 жоба іске асырылуда. Жалпы құны 18 млрд. теңгеге жуық.

«Осының нәтижесінде 90 елді мекенде ауыз су сапасы жақсарады. Бүгінгі күні Алматы облысы ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту бойынша көшбасшы саналады – қамту көрсеткіші – 98,8%. Ал өңір халқының 80%-і ауылда тұратыны белгілі», - деді А. Баталов.