Мемлекет басшысы коронавирусты инфекцияға қарсы іс-қимылға қатысатын барлық полицейлерді, әскери қызметшілерді, еріктілерді және басқа да белсенді азаматтарды «Бейбіт күндердің кейіпкерлері» деп атады.

«Біз біргеміз!» онлайн-форумында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қ.Ж. Тоқаев күрделі төтенше жағдайлар арқылы абыроймен өткен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысын ерекше атап өтті.

Құқық тәртібі қызметкерлерін кәсіби мереке - Полиция күнімен құттықтай отырып, Президент карантиндік шараларды сақтау үшін полиция мен әскери қызметшілердің жұмыс істеуіне тура келген күрделі жағдайлар туралы айтты.

«Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық полицияның мінсіз қызметіне байланысты. Бүгін Сіз карантиндік іс-шаралардың сақталуын қадағалайсыз және бекеттерде қызмет атқарасыз. Бұл қиын жұмыс. Қоғам Сізді сынға алған жағдайлар болды. Дегенмен, тәртіп сақшыларының басым бөлігі өз қызметін адал атқарады», - деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде сонымен қатар әскери қызметшілерге, еріктілерге, мемлекеттік қызметшілерге, қайырымдылық ұйымдарының өкілдеріне, журналистерге және басқа да белсенді азаматтарға алғыс білдірді.

«Сіздердің арқаңызда біз коронавируспен күресудің күрделі кезеңдерін еңсерудеміз. Сіздердің бәріңізді бейбіт күннің кейіпкерлері деп атауға болады. Мен Сіздердің нәтижелі еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.