Маңғыстау өңіріндегі өзекті мәселелердің бірі - ауыз су. Жаз мезгілінде 30 мың текше метрге дейін су тапшылығы сезіледі. Әсіресе, Жаңаөзен қаласы, Мұнайлы ауданы, Ақтау қаласы және оған жақын орналасқан елді мекендер зардап шегеді. Осы мәселені шешу бойынша жоспар әзірленді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов мәлімдеді.
«Алдағы жылдары Кендірлі демалыс аймағында 50 мың текше метрлік, Құрық елді мекенінде және Форт-Шевченко қаласында 5 мың текше метрлік, Ақтау қаласында 24 мың текше метрлік су тұщыту зауыттарын салу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттар, техникалық негіздемелер әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, Каспий су тұщыту зауытына 20 мың текше метрлік қосымша су шығаратын зауыттың құрылысы қолға алынды. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 10 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл жұмыстар маусым айына дейін аяқталады», - деді өңір басшысы.
Облыс әкімі Серікбай Трұмовтың айтуынша, Мұнайлы ауданына қатысты қосымша жобалар әзірленуде. Жергілікті аудандарда 1 мың текше метрлік су тұщыту қондырғысын іске қосу көзделген.