«СК-Фармация» медициналық гуманитарлық жүктерді сертификаттау үшін құжаттарды онлайн алады. Бұл гуманитарлық жүктері бар ұшақтар ұшып келген кезде қабылдаушы тараптың қолында тасымалдау үшін құжаттардың дайын болуын қамтамасыз етеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар орталығы қызметінде өткен брифингте «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев мәлімдеді.

«Бүгінде тауарды кідіртпейміз және бір тәулік ішінде барлық медициналық тауарларды өңірлерге ілеспе машиналармен жөнелтеміз. Кідірістер жоқ. Барлық келген гуманитарлық жүкті осындай режимде жіберуге басымдық беріледі», - деп толықтырды Е.Есқалиев.

Сонымен қатар, вице-министр Людмила Бюрабекова гуманитарлық жүкке арналған құжаттар тізімі бірдей екенін, бірақ гуманитарлық көмекті бір жолғы әкелуге рұқсат беру рәсімдері жеңілдетілгенін хабарлады.

«Бір күннің ішінде «СК-Фармация» аталған жүкті барлық өңірлерге, тіпті кейбір жағдайларда оны өз қоймалары мен Хабтарына түсірмей-ақ тасымалдайды. Әуежайдан бірден жөнелтіледі, рұқсат беру құжаттары барынша тез беріледі», - деп толықтырды вице-министр.