Олар әуежайларда қатынассыз термометриядан өтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті санитарлық-карантиндік пункттерінің басшысы Дария Әзімбаева мәлімдеді.

«Нұр-Сұлтанда әуежайда 19 стационарлық тепловизор орнатылған, оның төртеуі халықаралық рейстер келетін жерде болса, қалған 15-сі барлық кіріп-шығатын жерлерде және ішкі рейстерден келетін секторларда орналасқан. Егер жолаушының дене қызуы жоғары болса, ол алгоритм бойынша қадағаланып отырады», - деді спикер.

Ал сырттан келетін жолаушыларда COVID-19 теріс нәтижесі көрсетілген анықтама қағазы болуы керек. Сонымен қатар, шетелден келген азаматтар термометриядан және сауалнамадан өтеді. Дария Әзімбаеваның атап өтуінше, халықаралық әуе рейстерінде 5 жасқа дейінгі балалардың анықтамасы тексерілмейді.

«Түркия, БАӘ 5 жасқа дейінгі балалар коронавирусқа тексерілмейді. Сондықтан еліміздің Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына толықтырулар енгізілді. Егер ата-аналарда COVID-19 теріс нәтижесі көрсетілген анықтама болса, 5 жасқа дейінгі балаларды анықтамасыз жіберуге рұқсат етілді. Бұл ретте анықтама берілген уақыттан бастап үш күн жарамды болады», - деді ол.

Сондай-ақ қаулыда шетелден келген шетел азаматтары анықтама қағазы болмаса, елімізге жіберілмейтіні атап көрсетілген. Тиісті шара әлемдегі ахуалдың нашарлауына байланысты қолға алынды.