Ресми деректер бойынша, денсаулық сақтау жүйесінде 253 883 адам жұмыс істейді, оның ішінде 74 046 – дәрігер, 179 837 – орта медициналық персонал. Бір жыл ішінде дәрігер кадрларының өсімі 1,5%-ды ғана құрады, орташа медперсонал 2,6%-ға өсті. Саладағы ахуал жайлы Қанат Төсекбаев осындай цифрларды келтіріп өтті.

Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында баяндама жасады. Бұл тақырып пандемиямен күрделеніп отырған жағдайда аса өзекті болып табылады.

«Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында қамтамасыз етудің жоғары көрсеткіштері бойынша үрдіс сақталып отыр. Дәрігерлік кадрлармен қамтамасыз етудің төмен көрсеткіштері Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында тіркелді. Дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші өңірлер бөлінісінде 24,5-тен 75,9-ға дейін түрленеді. Бұл облыстар бойынша ресурстарды бөлудегі теңгерімсіздікті көрсетеді», - деп түсіндірді спикер қаладағы және ауылдағы медициналық ұйымдардың дамуы мен әлеуметтік жағдайлардың өзара байланысын айта отырып.