Балаларды көркемсөз арқылы ойлауға, ойнап жүріп ойлауға үйретуіміз керек. Оларды бағыттауымыз керек. Кітап оқу мәдениетін баланың бойнына кішкентайынан сіңіру керек. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте балалар жазушысы, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Баянғали Әлімжанов осындай пікірін жеткізді.

«Қазақ балалар әдебиеті бай әдебиет, адамгершілігі мол. Осының ішінен қайсын оқыту керек? Балалардың қолы жете ме? Жоқ. Өйткені, ауылдағы балалар кітапқа зәру. Ал кітап сатып алуға жағдайы келмейді. Осыған орай, мен балалардың тақырыптық антологиясын шығаруды ұсынамын. «Отан», «Туған жер», «Тіл» тақырыптары бойынша шығарылған антологияны сайттарға орналастырса, мұғалім де, балабақша тәрбиешілері де пайдаланатын болады. Бұл таптырмас қажетті құралға айналады. Бұл балаға түсінікті өлеңді жеткізуге мүмкіндік береді», - деді жазушы.

Оның айтуынша, кітапты ғаламторға, музыкаға, мультфильмге қарсы қоймай, олармен одақтас қылу керек. Баланың алдынан қазақ өлеңі, қазақ сөзі айтылып тұрса, ол оған тартылады. Бұл ана тілін насихаттаудың жолы болып табылады.