Елордада тұрғын үй кезегінде 48 мың адам тұр - бұл халықтың әлеуметтік осал топтары. Жыл соңына дейін 8 мыңға жуық адам көптен күткен баспанасын алады. Бұл туралы ОКҚ алаңында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді. Оның айтуынша, бір жылдың ішінде пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі үш есеге артқан.

«Биылғы жылы шамамен 3 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл орасан зор жұмыс. Мұның бәрі инвесторларға, құрылысшыларға, осы нарықтағы барлық адамдарға қолайлы жағдай жасаудың нәтижесінде мүмкін болды. Сертификат алушылардың тізімін кеңейттік дегі келеді. Егер бұрын барлығы 3 санат болса, енді кезекте тұрған 9 санат 1 млн. теңге көлемінде сертификат ала алады, ал келесі жылдан бастап қолдау көлемі 1,5 млн. теңгеге дейін арттырылады», - деп бөлісті қуанышты жаңалығымен мегаполис басшысы.

Елордадағы тағы бір жүйелі проблемалық мәселе – үлестік құрылыс. Олардың саны 52 болған. Өткен жылы 10 үй, биыл – 20 үй пайдалануға берілді.

«Бұл өте қиын жұмыс. Сот процестеріне, қаржы моделін құруға, ЖСҚ, инженерлік желілерді қайта қарауға және т.б. көп уақыт жұмсалды. Ең басты мәселе - қаржы: Елбасының тапсырмасымен бір уақытта 40 млрд теңге бөлінді. Бірақ ол жеткіліксіз болды, сондықтан мемлекет басшылығы қосымша қаржы бөлді. Бұл қайтарылатын ақша екенін түсінуіміз керек. «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, бұл үйлердің құрылысы аяқталуда. Ең проблемалық үйлерді айтсам, «Территория комфорта-1», бұл жобаны бәрі біледі. Инвесторлар табу қиын болды, бірақ біз келісімге келдік, инвесторға қолдау көрсеттік. Лайықты бағасын беруіміз керек, ол өз ақшасына нысанды бұза бастады, пандемияға қарамастан, бұл жұмыс аяқталды және қазір құрылыс басталды», - деді Көлгінов.

Кестеге сәйкес «Қазақстан», «Алтын шар», «Шығыс», «Жағалау» ТК 4 мыңнан астам үлескер пәтерлерін алады.

Жақында ескі үйлердің тұрғындары да қоныс тойын тойлайды. Елордада осындай екі жүзден астам үй бар. Өткен жылы 190 отбасы баспаналы болды. 2020 жылдың соңына дейін бұдан артық пәтер беру жоспарланған.

«Өткен ғасырдан қалған барактар бар, бірақ онда адамдар тұрады. Апатты жатақханалар бар, мысалы, Янушкевич көшесінде. Жыл соңына қарай көшіріледі. Сондай-ақ, Сарыарқа ауданында университеттің жанында барактар бар, жазда барып, тұрғындармен кездестік. Үлескерлер мен апатты жағдайдағы үйлерді бұзу орта мерзімді перспективада елорданың негізгі жүйелік проблемалары болып қала береді», - деп атап өтіп, әкім кестеге сәйкес әркімнің жаңа пәтер алатынына сендірді.