Елордада жедел медициналық көмек қызметіне жүгінушілердің саны маусым айында 4 есеге өсті.

Елордада эпидемиологиялықжағдайдың нашарлауына байланысты, бүгінгі таңда 103 қызметіне түсетін жүктеме өсті. Бұл туралы қалалық медициналық жедел жәрдем станциясының директоры Мұрат Оразбаев мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, маусым айының басынан бастап өтініштер саны 4 есеге өсті. Тәулігіне Елорда тұрғындарынан 4000-нан астам өтініш келіп түседі. Қоңыраулар саны екі еселенді, көшпелі бригада тәулігіне 3 000 қала тұрғынына медициналық көмек көрсетеді.

Анықтама: қазіргі уақытта желіде 118-ден астам көшпелі бригада жұмыс істейді. Барлық көшпелі бригадалар қауіпсіз жұмыс үшін жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген және медициналық жабдықтармен 100% жарақтандырылған. М.Оразбаев атап өткендей, жедел медициналық жәрдемнің диспетчерлік қызметі базасында COVID-19 мәселелері бойынша өтініштерді қабылдау үшін байланыс орталығының қызметі ұйымдастырылған. Қажетті кеңес алу үшін Елорда тұрғындары 705-103 нөміріне хабарласа алады.

"Елордада күн сайын 5-7 адамға дейін ауыратын тұтас отбасы түріндегі жаңа инфекция ошақтары анықталады. Бұл жағдайлар отбасылық салтанаттарды өткізу кезінде анықталады, бұған жол берілмейді. Қатаң санитарлық нормаларды сақтамайтын жеке адамдардың бейқам мінез - құлқы отбасының барлық мүшелері, соның ішінде егде жастағы адамдар, балалар, жүкті әйелдер жұқтыруына әкеп соқтырады", - деп атап өтті сарапшы.

Сөз соңында М.Оразбаев елорда тұрғындарын санитарлық нормаларды қатаң сақтауға, әлеуметтік қашықтықты ұстануға және адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға шақырды.