Соңғы уақытта тұрғындарға салық органдарынан көлік құралы бойынша салық міндеттемелерін төлеу қажеттігі туралы хабарламалар келе бастады. Оны кім төлейді? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистің сұрағына ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова жауап берді. Оның айтынша, осы уақытқа дейін жүргізушілер автокөліктерін сенімхатпен сатып келді. Бұл ретте сатып алушы меншік иесі болып саналмайды.
«Көлік техникалық құжатта жазылған адамның атында қалады. Сенімхат жүргізушіге көлікті толық иелену құқығын бермейді. Сатып алушылар көлікті өз атына аудармайды, ал көлікті сатқан адамдар бұл жағдайды тексермейді. Кейбір автокөліктер сенімхатпен бірнеше рет сатылады. Жүргізушілер әрдайым өз атына автокөліктің тіркелгенін электронды үкімет порталында жеке кабинетте тексеріп, қажетті мәліметті ала алады. Бұл ішкі істер органдары мен салық органдары жүйелерінің интеграциясының арқасында мүмкін болып отыр. Сондықтан салық төлемдері туралы хабарламаны осы жүргізушілердің атына жолдап отыр», - деді А.Боранова.
Оның айтуынша, көлігін сенімхатпен сатқан жүргізушілер Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады. Көлік бойынша соңғы үш жылдағы ақпарат тексеріледі, егер бұзушылықтар болмаса, салық органдары міндеттеген салықтар төленгеннен кейін ғана автокөлікті есептен шығаруға болады.