«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексті іске асыру үшін Энергетика министрлігі 4 заңға тәуелді актіні қабылдады. Оның ішінде операторды анықтау критерийлері бойынша, операторды анықтау туралы, аукцион өткізу ережелері бойынша және жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі комиссия туралы ереже.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Энергетика вице-министрі Жанат Жахметова Ережеге толығырақ тоқталды.

Оның айтуынша, ведомство көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондар операторының интернет-ресурсын пайдалана отырып, электрондық нысанда аукцион өткізу қағидаларын бекітті. Бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында қажетті функционалы бар қолданыстағы ақпараттандыру объектілерін (платформаларды) пайдалану шешілді. Критерийлерге сәйкес, электрондық аукцион операторы – жарғылық капиталына мемлекет 100% қатысатын «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ айқындалды.