Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте энергетика вице-министрі Жанат Жахметова мәлімдеді.

«Қатысушы, инвестор, әлеуетті өтінім беруші электрондық аукционға қатысу үшін аукционды өткізуге өтініш беруі тиіс. Өтініш электронды түрде беріледі, бұл биылғы жылы электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен енгізілген жаңалықтардың бірі. Өтініш жер қойнауын пайдаланудың мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілген учаскелер бойынша беріледі. Бұл бағдарлама Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұйрығымен бекітіледі. Қазіргі уақытта онда жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін 82 учаске көрсетілген. Өтініш келіп түскеннен кейін Энергетика министрлігі 20 жұмыс күні ішінде осы өтініштердің барлығын қарайды және оң шешім қабылданған жағдайда, интернет-ресурста хабарлама жарияланады», - деп түсіндірді вице-министр аукционға өтінім беру жолын.

Сондай-ақ Жанат Жахметова хабарламаға тоқталды. Бұл өзіндік хабарландыру.

«Хабарламада біз электрондық аукцион қандай учаске бойынша өткізілуі мүмкін екенін, учаскелердің атауын, олардың координаттарын, электрондық аукцион өткізілетін күн мен уақытын көрсетеміз. Сонымен қатар, хабарламада әрбір учаске бойынша аукцион өткізілетін бастапқы қол қою бонусы және әлеуетті жер қойнауын пайдаланушы үшін қойылатын шарттар сипатталады», - деп атап өтті Жахметова.

Міндетті шарттарға қазақстандық кадрларды оқыту, ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығындар, олармен жүргізілетін жұмыстар және жергілікті қамту жатады. Хабарлама жарияланғаннан кейін әлеуетті өтінім беруші сауда-саттыққа қатысуға электрондық түрде өтінім береді, қатысу үшін жарна төлейді. Бүгінде оның мөлшері 100 АЕК құрайды, бұл шамамен 277 мың теңге.

Айта кетейік, қатысуға өтінімдер екі ай бойы қабылданады. Ал акуционға қатысуға рұқсат беру немесе бас тарту бойынша шешімді Энергетика министрлігінің атынан жауапты тұлғалар 10 жұмыс күні ішінде электрондық поштаға хатпен жібереді.