Ең алдымен өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізге мән беруіміз керек. Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов журналистің «Астана Опера» театрының репертуары бойынша қойған сұрағына берген жауабында осылай деді.

Күлтегін Аспанұлының пікірінше, театр репертуарының 100 пайызы ескі және копипаст қойылымдар, бір операға миллиондаған қаржы бөлінеді. «Астана Опера» тек өткен ғасырдағы классикалық операны немесе шетелдік, еуропалық інжу-маржандарды ғана қояды. Тілші Қазақстанның ұлттық опера театрында қашан жаңа туынды пайда болатынын және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақстандық драматургтердің, отандық опера жазушылардың туындыларын жүзеге асыруға неліктен күш салынбайтынын сұрады.

«Рухани жаңғыру дегенде ең алдымен өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізге мән беруіміз керек. Руханият мәселесі бір ғана мемлекеттің, не болмаса бір ғана Мәдениет министрлігінің шаруасы емес. Бұл бүкіл қоғамның шаруасы. Егер осындай жақсы ұсыныстар болатын болса, міндетті түрде қарастырамыз. Жоғарыда атап өткенімдей, қазіргі кезде көп жобалар сараптамадан өткізіліп жатыр. Біз Бағдарламаның нәтижелі болғанын, бағдарламаның мақсатына жеткенін қалаймыз. Бұл ұсыныс министрлік тарапынан мәдениет саласына ұсынылатын болады», - деді вице-министр өз жауабында.